0:00 / 0:00
Еліміздің ауыл шаруашылық жерлерінің 1,5 миллион гектары алқабы жекенің қолында. Сондай-ақ, 74,4 мың гектар жер шетелдіктерге жалға берілген. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында осындай мәліметпен бөлісті. Мәжіліс «Жер қатынастары» туралы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес, жер шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді. Ал мораторийге дейін шетелдік кәсіпорындарға жалға берілген жерлер 2025 жылы мемлекетке қайтарылады дейді министр.
Қоғамды алаңдатып отырған жер мәселесіне қатысты заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Жер қатынастары туралы заң жобасына сәйкес, қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды, жалға берілмейді.
Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жер мәселесіне қатысты құрылған комиссия жұмысы жүріп жатыр. Комиссия мүшелері тарапынан жалпы жерді жекеменшікке бермеу туралы да ұсыныстар түсіп жатқаны мәлім. Ауыл шаруашылық министрінің айтуынша, бүгінде 1,5млн гектар жер меншікке өтіп кеткен. Ал 2016 жылғы даудан кейін жарияланған мораторийге дейін әжептәуір жер шетелдіктерге жалға беріліп қойған.
Министрдің айтуынша, жекенің қолындағы 1,5 миллион гектарға жуық ауыл шаруашылығы жерлеріне 128 субъект иелік етіп отыр. Олардың ішінде заңды тұлғалар да, жеке тұлғалар да бар. Жердің басым бөлігі оңтүстік облыстарда жеке меншікке алынған. Мәжіліс мақұлдаған жер туралы құжатқа сәйкес, жер шетелдіктерге, Қазақстан азаматтығы жоқ адамдарға, шетелдік тұлғалардың қатысуы бар компанияларға, халықаралық ұйымдарға сатылмайды, жалға берілмейді. Айта кету керек, тарихи отанына оралған қандастар азаматтық алғанша ауыл шаруашылығы жерлерін жалға ала алмайды.