0:00 / 0:00
Оралда саяжай тұрғындары қолайлы жағдайдың жоқтығын айтып, жергілікті билікке шағымданды. Екінші саяжай қауымдастығында бірнеше жылдан бері тұрақты тұрып жатқан халық саны көп. Алайда көшелерде жол жоқ. Қоғамдық көліктер тек жазғы маусымда қатынайды. Жауын-шашын күндері балалар мектепке бара алмайды. Қала іргесіндегі саяжайларда қазір жағдай мүлдем мүшкіл. Өйткені ми батпан балшық тұрғындардың жүріп-тұруына тұсау болып отыр. Бұл саяжай бірлестігінде 5000-дай адам жыл он екі ай тұрып жатыр. Автобус қатынамаған соң балалар осы кезеңде сабаққа бара алмайды. Су да жиі тоқтап қалады. «Қоқыс төгетін контейнерлер мүлдем жоқ», - дейді қауымдастық мүшелері. Саяжай қауымдастығының тұрғындары осындай олқылықтарды алға тартып, жергілікті билік пен құқық қорғау органдарына шағымдарын жеткізуде. Бұл мәселе жауапты мекемелерге таныс. Қоғамдық көлік айдың аяғында жанданатын болады. Ал тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешу үшін саяжай қоғамдастығының төрағасы «Орал таза сервис» ЖШС-мен өзара келісімшартқа келу арқылы контейнерлер қойып, санитариялық жағдайларды жақсартуға болады дейді.Орал қалалық бау-бақша қоғамының төрағасы Андрей Заозёров саяжайларда жол салынбайтынын тағы да еске салды. Айта кетерлігі, қала аумағында осындай 140 саяжай қауымдастығы бар. Атаулары өзге болғанымен оларды толғандырған мәселе ортақ.