Редакция: +7 (7112) 93-34-33

Жарнама бөлімі: +7 (775) 906-38-00, +7 (707) 716-97-77

11:00

Жаңалықтар

13:30

Жаңалықтар

18:30

Жаңалықтар

21:00

Жаңалықтар

«Цой міндетін атқара алмай отыр»

c 16:56, 31/03/2021 c 487

0:00 / 0:00

Депутаттар денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға шүйлікті. Премьер-министр Асқар Маминге жолдаған сауалда депутат Ирина Унжакова "егер экс-министр Біртанов пандемиямен күрестің басын сәтсіздікке ұшыратса,  қазір министр Цой халықты вакциналау жұмысын күйретіп жатыр", – деп сынады. Мәжілісмендердің айтуынша, денсаулық сақтау министрлігі халықты ковидке қарсы вакцинациялау жұмысын атқара алмай отыр. Екпе жоқ. Ал еліміздің бас дәрігері  Цой болса, қазақстандықтарды вакцина салдыруға үгіттеп әлек.

Бүгінгі күні Қазақстанда 101 мыңнан астам адамға қауіпті індетке қарсы екпе жасалды. Бұл халықтың 1% да аз. Мәжіліс депутаты Ирина Унжакова денсаулық сақтау министрлігін халықты жаппай вакциналау жұмысын дұрыс ұйымдастырмай отырғаны үшін сынады. Үкіметке арналған бір топ депутаттың сауалында министр Алексей Цойдың ковидке қарсы күрес жұмысы әлсіз екені айтылды. Қауіпті індетті тек вакцина жасау арқылы ғана жоя аламыз деп айтудан талмайтын министр, халықты қажетті екпемен қамтамасыз ете алмай отыр.  Қазір Қазақстан қызыл аймақта. Екі айдан бері вакциналау науқаны басталса да, аурудың таралуы бәсеңдер емес, "қызыл" аймақтағы өңірлер саны керісінше көбейіп жатыр деп алаңдады депутаттар. Ал елде қажетті вакцина жоқ.

Ирина Унжакова – ҚР парламент мәжілісінің депутаты -«Егер үкімет жаппай вакциналау пандемияға қарсы күресте ең бірінші міндет екенін мәлімдесе, онда неге әлі күнге дейін ойластырылған, жүйелі және үйлесімді шаралар қабылданбай отыр? Кеше ғана денсаулық сақтау министрі Цой халықты кезекті рет вакцина салдыруға үндеді. Бірақ вакцинаны қайда барып алу керек деген сұрақ туады? Өйткені өңірлердегі емханаларда еркін айналымда вакцина жоқ. Егер бұрынғы министр Біртанов пандемиямен күрестің басын сәтсіздікке ұшыратса, ал қазір министр Цой халықты вакциналау жұмысын "сәтті" күйретіп келеді»

Былтыр қазақстандықтар дәл осылай ПТР-тесті қашан және қайда тапсырарын білмей есі шыққан еді. Ал бүгін вакцинаны қайда және қашан салғызу керектігінен бейхабар. Осылайша президенттің вакциналау қарқынын арттыру туралы тапсырмасын үкімет орындай алмай отыр дейді депутат Унжакова. Денсаулық сақтау министрлігі былтырғы жағдайдан еш сабақ алмағанын айтып, қынжылды. Дамыған елдерде халықтың жартысынан 90%-іне дейін вакцина алған. Ал Қазақстанда бұл мәселе ақсап тұр. Айта кету керек министр Цойдың өзі де әлі ковидке қарсы екпе алмаған. Ол отандық вакцинаны күтіп жүргенін білеміз.

Алексей Цой – ҚР ДСМ -«Сәуір айында 2,5 миллион адамға вакцина жасамақшымыз. Ары қарай да осы қарқында жалғастырамыз. Вакцина қолжетімді болады, саны да артады. Жақынарада ақылы вакцина да жасалатын болады».

Мәжіліс депутаты келтірген мәліметке сүйенсек,  ресейлік "Спутник V" вакцинасын өндіруге және жеткізуге 18 миллиард теңге бөлінді, оның 15,2 миллиард теңгесі – Қарағанды фармацевтика кешеніндегі вакцина өндірісіне бағытталды. Ал осы уақытқа дейін ол жерде небәрі 243 мың доза өндірілген, оның 93 мыңы пайдаланылса, 150 мыңы қазір өңірлерге таратылып жатыр. Бұл қарқынмен министрлік болжаған ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін халықтың  80 пайызына екпе жасату мүмкін болмас. Депутаттар үкіметке жалаң ұрандардан нақты іске көшуге кеңес берді.

ТДК 42 телеарнасының сайтында tdk42.kz жарияланған барлық материалдар телеарнаның меншігі. Авторлық құқық қорғалған. Материалдарды сілтемесіз tdk42.kz көшіріп басуға, рұқсатсыз жариялауға тиым салынады.