Хабарлама түскен мезеттен жедел-құтқару жасағы лезде жинала бастады. Жеке құрам дайын болған бойда арнайы көліктерге отыра салып, дереу жолға шықты. Міндет біреу- тез арада жетіп, адамды құтқару. Көрсетілген мекен-жайға келген құтқарушылар 3-ші қабатқа көтерілді. Сол жерде кілтеніп қалған есікті дереу бұзуға кірісті. Өз жұмысына тиянақты қарайтын білікті құтқарушылардың арқасында кілтеніп қалған темір есік 5 минут болмай ашылды. Үй иесінің айтуы бойынша ашқыш кілт жоқ. Содан үйде қамалып қалыпты.
Осы секілді Орал қаласы бойынша күніне 4 рет шақырту түседі екен. Жалпы БҚО-да 6 жедел-құтқару бөлімі бар болса, соның 4-еуі шаһарымызда жасақталған. Әр бөлімде 12 қызметкер бар. Үйінде кілтеніп қалған баланы құтқаруды бастап, жан түршігерлік жол апаттары болған орыннан табылатын жігіттер жұмыстың ауырлығын жасырмады.
Қалалық өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметінің жедел-құтқару жасағы құрылғалы мыңдаған шақыртуға шығып, нәтижесінде талай адамның өмірі құтқарылды. Құтқарушыларға жағдай жасау мақсатында материалдық-техникалық база соңғы жылдары едәуір нығайып келеді.