0:00 / 0:00
Өткен аптада БҚО-ның аумағында бірнеше мәрте мал ұрлығымен айналысқан үш азамат ұсталды. Криминалдық полиция басқармасының бастығы таратқан ақпартқа сүйенер болсақ, айыптылардың 2019-2020 жылдары тіркелген қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін.13 наурызда БҚО полиция департаментінің Криминалдық полиция басқармасы, Қаратөбе ауданының полиция бөлімі және Тайпақ полиция бөлімі қызметкерлерімен ұзақ мерзімде жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде сол аумақта мал ұрлығын жасағаны үшін облыстың 3 азаматы ұсталды. Қазіргі танда олар қамауға алынып, тағы да ашылмаған мал ұрлығы фактілеріне қатыстары бар-жоғы тексерілуде. Бұлар ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде ұрлық жасаған болуы да ықтимал. Өйткені барымташылар өздерінің жымысқы әрекеттерін көрші облыстармен шекаралас аудандарда жүзеге асырып келген. Осы орайда мал ұрлығына қатысы бар айыптылардың көршілес Атырау облысы Индер ауданымен шекаралас елдімекендерде болған қылмыстарға қаншалықты қатысы бары тексерілуде. Ақжайық, Қаратөбе, Сырым аудандарында мал ұрлығының өршуіне байланысты бақташылық қағидасын жүзеге асыру шаралары жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері қараусыз жүрген төрт түліктің жол бойына шығып кетуі салдарынан 8 жол-көлік оқиғасы тіркелген болса, олардың біреуінде егде жастағы ер адам бақилық болды. Өткен жылы бұрын жасалған барлығы 110 мал ұрлығы қылмысы ашылыпты. Оның 46-сы «өткен жылдарда» жасалған қылмыс саналады.