Батыс Қазақстан облысында жолды уақтылы күтіп ұстамаған «Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалына 90 млн-ға жуық теңге айыппұл салынды. Айта кеткен жөн, компания қыс мезгілінде жол бойын қардан тазарту жұмыстарын уақытылы орындамаған.«Орал-Атырау» тас жолы. Аты аталғанда алдымен бойыңды қорқыныш билейтін бұл бағыттағы жол бойында қанша адам қыршыннан қиылды десеңші. Мәселен, өткен айда осы жолға шыққан 13 адам қайта келмес мәңгілік сапарға аттанды. Сала мамандары жол бойындағы қар мен мұздың уақытылы тазартылып отырғанына қарамастан тас жолдың тарлығы да қозғалыстың қауіптілігін еселеп отырғанын атап өтті. Сол себепті алдағы жылдан бастап осы жол бойында құрылыс жұмыстары жүргізілмек. Сала мамандары жол бойын күтіп ұстауға тиісті техникалар тапшылығы басты проблемаға айналып отырғанын жасырмады.Өңірде республикалық маңызы бар жолдың ұзындығы 1414 шақырым болса, соның 238 шақырымы күрделі жөнделуде. Ал 1176 шақырым жолға «Қазавтожол» ЖШС БҚО филиалы күтіп ұстау жұмыстарын жүргізуге тиісті. "Жол активтерінің ұлттық орталығы мамандарының айтуынша, жыл басынан бері республикалық маңызы бар жолдарда 40 тексеру жүргізілсе, олардың 10-да олқылық анықталған. Сала мамандары ауа-райының қолайсыздығы салдарынан жол жабылғаны туралы хабарлама келгенде сапарға шықпауға кеңес береді.