0:00 / 0:00
Еліміздің бас банкирі Ұлттық қордың активтерінің бір ай ішінде төмендеу себебін түсіндірді. Себебі, дағдарыстан шығу үшін қордан қыруар қаржы тарттық. Қазір қорда 57 млрд доллар жатыр. Ал мемлекеттік органдар қазына қаржысын тиімсіз пайдалануын қояр емес. Қаржы министрі 23 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар орын алғанын мәлімдеді.
Мұнайдан түскен қаражаттың бәрі Ұлттық қорға құйылады. Одан әрі қазынаға трансферт ретінде тартылады. 2016 жылы қордағы қаржы көлемі 77 млрд долларды құрады. Үкімет дағдарыстан шығудың басқа жолын іздеп әуре болмайды. Бірден болашақтың қаржысынан ақша тартуға дағдыланып алған. Ұлттық қордағы жиған-тергеніміз үш жылдан соң бітеді деген болжам бар. Қазір қорда 57 млрд доллар қалды. Яғни 20 млрд долларға азайды. Ал бұдан ел экономикасының шарықтағанын көрмей тұрмыз.
Бас банкирдің көңіл қоншытпайтын баяндамасынан соң, қаржы министрі сөз алды. Жамаубаевтың айтуынша, сол баяғы ән- бюджет қаражатын тиімді игермеу күн тәртібінен түспей отыр. Мемлекеттік органдар мен әкімдіктер миллиардтаған соманы дұрыс пайдаланбаған. Аудитордық тексеріс көрсеткендей, мемлекеттік сатып алуларда қаржылық заң бұзушылықтар орын алды.
Қазақстанда мемлекеттік сатып алулар бойынша миллиартдаған сомаға жыл сайын мыңдаған заң бұзушылық орын алады. Әр бесінші сыбайлас жемқорлық фактісі осы мемлекеттік сатып алулардың айналасында.