0:00 / 0:00
Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміздің түкпір-түкпірінен келген оқушылармен офлайн және онлайн форматта кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты жеткіншек ұрпақты кітап оқуға баулу. 2021 жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» деп жариялады. Қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеу, балалар әдебиетін дамыту, бала тіліндегі шығармаларды жазып шығару көзделуде. Салтанатты шараға еліміздің айтулы ақын-жазушылары да қатысты.
Кітап оқығандікі, білім тоқығандікі. Кітаптан алған ілім ұшан теңіз. Кітап оқыған баланың ойлау қабілеті, тіл байлығы артады. Өкінішке орай бүгінгінің балаларынан кітап оқуға құлшыныс байқалмайды. Гаджет, телефонға үңілген жеткіншектер бар керегін ғаламтор әлемінен алады. Бұл бала денсаулығына кері әсер етеді. Таңнан кешке дейін телефонда отырған баланың көз жанарына да зиян. Осыған орай Қазақстандық балалардың кітап оқуын қолдау жылы жарияланып отыр. Айтулы жиынға еліміздің түкпір-түкпірінен келген өнерлі оқушылар қатысты. Жалпы республика бойынша 10 мыңнан ас шара өткізу жоспарланған. Мәдениет министрінің айтуынша, биыл жыл бойы балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі жобалар мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсиялар, байқаулар мен кездесулер, кештер, челлендждер жүзеге асырылады.
Балалармен өткен кездесуге еліміздің ақын-жазушылары да қатысып, өскелең ұрпаққа ақыл-кеңесін беріп, кітап оқудың маңыздылығын айтып берді. Өкінішке орай, Қазақстанда балалар әдебиеті дамымай тұр. Бала тілінде жазылған қазақ тілді шығармаларды кітап дүкендерінен табу қиын. Ертегілердің өзі тым ұзақ, бала ұғатын тілде жазылған деп айту қиын. Шытырман оқиғалар жайында кітаптардың барлығы орыс немесе ағылшын тілінде. Мәдениет министрлігі бұл мәселені шешу үшін биыл балалар әдебиетіне арналған 33 кітап басып шығармақшы. Ал британдық жазушы Джоан Роулингтің "Гарри Поттер" кітабын қазақшаға аударып жатыр. Сондай-ақ, Алаш көсемдерінің балаларға арналған шығармалары қайта жаңғыртылмақ.
Бүгінгі күні елімізде 11 мың кітапхана бар. Бірақ кітапханаға барушылар саны сирек.