0:00 / 0:00
Мәжіліс депутаттары Жаңатас қаласындағы өрттің құрбаны болған бес бүлдіршіннің өліміне кінәлі лауазымды тұлғаларды жазалауды талап етті. Премьер-министр Асқар Маминге арналған депутаттық сауалда өткен аптада Жамбыл, Қызылорда облыстарында және Петропавл қаласында адам өліміне әкеп соққан өрт жайында айтылды. Депутаттар жаңадан құрылған Төтенше жағдайлар министрлігінің атқарған жұмысы тиімді болмай отыр дейді.
Мәжіліс депутаттарынан Үкіметке қарша жауған сауалдардың бірі, Жаңатас қаласында орын алған қайғылы жағдайға бағытталды. Мәжілісмендер соңғы кзеде өрттің орын алуы тым көбейіп кеткенін айтады. Осыған орай төтенше жағдайлар министрлігі әкімдермен бірлесіп, көп қабатты тұрғын үйлерге, әсіресе уақытша тұратын үйлер, саяжайларға әрбір нақты жағдайда көмек көрсету тұрғысынан толық жұмыс жүргізуі тиіс дейді депутат Қаратаев. Мәжілісмен Жаңатас қаласында орын алған тілсіз жаудың құрбаны болған бес бүлдіршіннің өліміне кінәлі лауазымды тұлғаларға қатаң шара қабылдауды сұрады.
Фахреддин Қаратаев – ҚР парламент мәжілісінің депутаты -«Тас түскен жеріне ауыр" демекші бұл жағдай барша қазақстандықтың қайғысы. Өрт салдарынан нәрестелерінен және азаматтарынан айырылып қалған жандарға депутаттар атынан қайғырып көңіл айтамыз. Қаза болған балаларымыз бен азаматтарымыздың қауіпсіздігі үшін кім жауапты деген сұрақ баршамызды ойландырады. Осы оқиға тиісті жергілікті атқарушы органдарға үлкен сабақ болуы қажет. Біздің тұрғындарымыз қашанғы оттың астында қала беруі керек? Ертеңгі күні бұндай жағдайларға тап болмауымызға кім кепіл?»
Статистикаға сүйенсек, 2020 жылдың тоғыз айында елде тоғыз мыңнан астам өрт болып, 228 адам қаза тапты, жарақат алғандар саны 217 адамды құрады. Депутаттардың сауалына Жаңатас, Қызылорда және Петропавлдағы қайғылы оқиғалар себеп болды. Еске сале кетейік, Қызылорда қаласындағы өрт салдарынан бес бала зардап шегіп, алты айлық сәби көз жұмды.Ал 19 ақпанда Жамбыл облысы Жаңатас қаласында пәтерлердің бірінен өрт шығып, қараусыз қалған 5 бірдей бала қаза болды. Ақпанның 21 күні Петропавл қаласында болған өрттен екі адам қаза тауып, 13 адам жарақат алғанды.