2021 жылы ауыл шаруашылық алқаптарының әртараптандыру бойынша жасақталған меморандумға сәйкес облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 515 мың га болуы тиіс. Соның ішінде дәнді дақылдар алқабы 232 мың га болмақ. Бұл жөнінде ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин облыс әкімі Ғали Есқалиевқа хабарлады. Майлы дақылдар 80 мың гектар болса, оның ішінде күнбағысты 55 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Картопты 4400 гектар, көкөніс-бақша дақылдарын 5500 га алқапқа егу жоспарлануда. Биыл мал азығы дақылдарын егуді 193 мың гектарға дейін ұлғайтамыз. Оның ішінде біржылдық шөптер – 20,5 мың га, сүрлемдік дақылдар – 1,0 мың га, көпжылдық шөптер – 26,0 мың га. Бұрнағы жылдардан 145,5 мың гектар көпжылдық шөптер алқабы қалды. Аудандардың жұмыс жоспарларына сәйкес облыс бойынша жалпы егіс алқабы 540,4 мың гектарға дейін жеткізілмек. Көктемгі егіс жұмысын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 658,8 млн теңге (5% көрсеткішпен) және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 90 млн теңге (15%) бөлініп, несие корпорациясының облыстық филиалы және аудандардағы несие серіктестіктері арқылы шаруаларға берілмек. Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау үшін мембағдарлама ауқымында 250 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат элиталық тұқымдардың және бірінші репродукция тұқымдарының шығындарын толық және ішінара өтеуге арналады. Жергілікті бюджеттен тыңайтқыштар құнын субсидиялауға 72,4 млн теңге, ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеуге арналған пестицидтердiң құнын 50% субсидиялау бойынша 103,3 мың теңге бөлінді.