0:00 / 0:00
Енді қазақстандық салықшылар арнайы киім үлгісін киіп, жоғары жалақы алатын болады. Бүгін өткен үкіметтің отырысында қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осындай ұсынысын алға тартты. Бұл шаралар жоғары білікті кадрларды сақтап, сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді, - дейді министр. Еске сала кетейік, еліміздің жемқорлықпен күрес агенттігі кіріс комитетін сыбайлас жемқорлық кеңінен тараған мемлекеттік органдардың арасында алдыңғы қатарда тұр деп мәлімдегенді.
Қазақстан сыбайлас жемқорлық дертінен айыға алмай отыр. Жемқорлық жайлаған салалар бойынша салық пен кеден органдары көш бастап тұр. Оған себеп көп. Жалақының төмендігі, пара алуға құмар қызметкерлердің ашкөздігі бар. Жемқорлықпен күресіп жүрген агенттік мемлекеттік кірістер комитеті жемқорлық бойынша алдыңғы үштікке кіріп тұрғанын мәлімдегенді. Ішкі істер және ауыл шаруашылығы министрліктерімен бірге кіріс комитеті де осы қара тізімде тұр. Агенттік төрағасы Президентке осы мемлекеттік органдар жайында ұсынысын да беріп қойыпты.
Алик Шпекбаев – ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы -«Әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі бойынша мемлекеттік кірістер комитеті жемқорлық жайлаған орган болып отыр. Сондықтан бұл мемлекеттік органдарға саладаға сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтіп, оның көзін жою жолдарын табуды ұсынамыз. Қызметкерлеріне жемқорлық жайында ойламайтындай жағдай жасауы тиіс»
Шпекбаевтың осы сыны қатты әсер етті ме, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев өз қарамағындағы салық органындағы жемқорлықпен күрес жолын таптым деп сүйіншілеп отыр. Министр үкімет отырысында салық қызметкерлерінің жалақысын көбейтіп, оларға бірыңғай киім үлгісін енгізетінін айтты. Осылайша тамыры тереңге кеткен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетеміз деп сенеді бас қаржыгер.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесі өкілдерінің айтуынша, мемлекеттік кірістер қызметкерлері жалақы төмендігінен, әлеуметтік қорғансыздық пен жауапкершіліктің жоғары болуынан сыбайлас жемқорлыққа жол береді. Соның салдарынан тәжірибелі жұмысшылар жұмыстан кетуге мәжбүр. Бүгінде орталық аппаратта қызмет ететін салықшылардың жалақысы 100-150 мың теңгені құраса, облыс деңгейіндегілер 90-110 мың, аудандағы салық қыметкерлері 70-90 мың теңге көлемінде айлық алады.