0:00 / 0:00
Сапасыз білім беріп жатқан жоғарғы оқу орындарын жабу жалғасады. Үкіметтің онлайн отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов осылай деді. Министрдің айтуынша, жоғарғы оқу орындарында жемқорлық фактісі орын алған жағдайда, бірден лицезиясы тартып алынады. Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі күні 25 жоғары оқу орнының 83 лицензияға қосымшалары қайтарылды. Сондай-ақ, министрлік бұл жұмысты колледждер бойынша да жүргізіп жатыр. Квалификация бойынша 200-ге жуық колледжден 700-ге жуық лицензияға қосымша қайтарылды. Жалпы алғанда, сол оқу орындарында белгілі бір бағыттар бойынша білім алған 53 мың студент басқа жоғары оқу орындарына құжаттарын тапсырды.
Еліміздің бас мұғалімі Асхат Аймағамбетов осы саланы тізгіндегелі жоғарғы оқу орындарын тексеруді күшейтті. Білім беру сапасы сын көтермейтін жоғары оқу орындарын жабу жұмысы жалғасын таппақ. Бұл Президенттің тікелей тапсырмасы болатын. Реформадан көз ашпайтын білім саласында шешімі табылмай жатқан шаруа шаш етектен. Министр жоғары білімнің сапасын арттыру үшін педагогтарды, дәрігерлерді, заңгерлер мен сәулетшілерді даярлайтын университеттерге ерекше біліктілік талаптарын енгіземіз деп отыр. Ал жемқорлық фактісі тіркелген оқу орындары бірден жабылады.
Асхат Аймағамбетов – ҚР білім және ғылым министрі «Академиялық адалдықты» бұзғаны және сыбайлас жемқорлық, құқық бұзушылықтары үшін лицензиядан айыруға дейін жауапкершілікті нормативтік-құқықтарға дейін бекітуді дайындадық. Сондай-ақ, мемлекеттік бақылау жөніндегі заңнамаға лицензиялау және тексеру тәртібін өзгерту, лицензияларды қайтарып алу рәсімін енгізу нормалары бойынша өзгерістер енгіземіз. Сапасыз жоғары оқу орындарын жабу жұмысын әрі қарай жалғастырамыз»
Сондай-ақ, жоғары білім беруде кадрлар даярлауға арналған гранттар сұранысқа ие бағыттарға ғана бөлініп, кәсіптік бағдарлау жұмысы күшейтіледі. Ал колледждерге академиялық дербестік беріледі. Орта білім берудегі проблеманың бірі – инклюзивті білім беру. Бірқатар өңірде ерекше балаларды оқытуға толық жағдай жасалмай отыр.
Асхат Аймағамбетов –өр білім және ғылым министрі «Ерекше балаларға арналған ұйымдардың ашылу нормативі 50 мың балаға бір психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация есебінен өзгерту жоспарланады. Сондықтан қосымша 46 ПМПК және 25 түзету кабинетін құру қажет. Бұл ерекше балалар үшін ауадай қажет шара. Бүгінгі таңда ПМПК-ға ең үлкен қажеттілік Түркістан, Алматы, Қарағанды, Атырау облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында бар»
Аймағамбетовтің айтуынша, білім беру орындарын сумен жабдықтау, ыстық сумен қамтамасыз ету, кәріз мәселелері шешімін таппаған аймақтар бар. Бұл проблема Батыс Қазақстан, Ақмол, Ақтөбе, Түркістан, Шығыс, Солтүстік және Қостанай өңірлерінде өзекті болып тұр.