0:00 / 0:00
2021 жылдан бастап пара берген және делдал болған жандарға жаза күшейді. Жақында қылмыстық кодекске өзгерістер еніп, сыбайлас жемқорлыққа жол берген жандарға қатысты жазада қатаңдатылғаны белгілі. Енді пара берген адам 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, шартты түрде бостандыққа шыға алмайды. Заңнамадағы өзгерістерді облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Рустам Ақмырзаев түсіндірді.
Сыбайлас жемқорлықпен күреске білек сыбана кіріскен мамандар енді 2021 жылдан бастап пара берген жандарға деген жазаның күшейгенін баса айтты. Соңғы екі жылда БҚО пара беріп, оған итермелеген 53 дерек тіркеліпті. Қылмыстық жауапкершілікке 60 тұлға тартылып, 51 азамат сотталған.
Заң алдында жауапкершілікке тартылған жандар ветеринарилық анықтама алу үшін пара беріпті. Және Орал қаласында пәтер кезегін жылдамдату үшін пара беруге итермелеген. Сала мамандары осы жылдан бастап пара берген адам 7 жыл бас бостандығынан айырылып, уақытынан бұрын шартты түрде түрмеден шықпайтынын айтады. Және айыппұлдың мөлшері де өскен. Мысалы, заң бұзған азамат 100 мың теңге пара берсе, 2 млн теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Сала мамандары пара беруге итермелейтін, сыбайлас жемқорлыққа байланысты қандай да бір заң бұзушылық болса, бірден хабар беруді сұрайды. Азаматтар сұрақтарын 1424 колл орталығына немесе Құрманғазы 89-1 мекенжайында орналасқан департаментке жолдай алады.
Сурет https://alashainasy.kz/tuit/jemkorlyikka-karsyi-en-katal-jaza-kyitayda-koldanyiladyi-103549/ сайтынан жүктелді