0:00 / 0:00
Қазақстанда бірқатар ауруды ерте анықтауға арналған скринингтік тексерулер тегін жүргізіледі. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, негізгі профилактикалық тексерулер әлеуметтік медициналық сақтандыру мәртебесіне қарамастан қолжетімді. 40 пен 76 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті және глаукома бойынша тексеруден өтеді. Осы жастағы әйелдер сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін екі жылда бір рет маммография жасата алады. Жатыр мойны обырына скрининг 30-74 жастағы әйелдерге төрт жылда бір рет жүргізіледі. Ал 50-76 жастағы ерлер мен әйелдер екі жылда бір рет тоқ ішек пен тік ішек қатерлі ісігіне тексеріледі. Скринингтен өту үшін тіркелген емханаға жүгіну қажет. Мамандар биыл қандай тексерулерден өтуге болатынын түсіндіріп, қажет болған жағдайда қосымша зерттеулерге жолдама береді. Дәрігерлер ауру белгілері пайда болғанын күтпей, профилактикалық тексерулерден уақытылы өтуді ұсынады. Өйткені ауруды ерте анықтау емді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді.










