0:00 / 0:00
Таразда мектеп оқушысы төбелес кезінде сыныптасының бір көзінің көру қабілетінен айырылуына себеп болғаны үшін жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Оқиға биыл сәуір айында гимназиялардың бірінде болған. Сот мәліметінше, жанжалдан кейін оқушылардың бірі оныншы сынып оқушысын киім ауыстыратын бөлмеге шақырып, сол жерде оның сол көзіне жұдырықпен соққы жасаған. Салдарынан жасөспірім бір көзінің көру қабілетінен толық айырылған. Ол осы уақытқа дейін жеті рет ота жасатқан. Жәбірленушінің анасы төбелеске бірнеше жасөспірім қатысқанын айтып, олардың барлығын жауапқа тартуды талап етіп отыр. Ол сот үкіміне апелляциялық шағым түсірмек. Сотталған жасөспірім кінәсін ішінара мойындаған. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.







