0:00 / 0:00
Солтүстік Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апаты болып, үш әйелдің өмірі қиылды. Қаза тапқандар – Жамбыл ауданындағы балабақшаның директоры мен екі тәрбиешісі. Қайғылы оқиға 15 қазанда таңғы сағат сегіз шамасында Астана – Петропавл республикалық тасжолында, Кременчуг ауылының маңында болған. Мұнда үш жеңіл көлік пен екі КамАЗ соқтығысқан. Салдарынан Audi көлігі ауыр зақымданып, салонда отырған үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Көлік тізгініндегі 20 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы тағы бір жолаушы ауыр жарақат алған. Екеуі де шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оларға ота жасап жатыр. Ал қалған көліктердің жүргізушілері зардап шеккен жоқ. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, әйелдер жеке шаруаларымен жолға шыққан. Сапардың қызметтік міндеттеріне қатысы болмаған. Жол апатына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.







