0:00 / 0:00
Қазақстандықтар енді «Отбасы банкте» депозит ашқаннан кейін алты ай күтпей-ақ ипотекалық несие рәсімдей алады. Жаңа мүмкіндік 15 қазаннан бастап іске қосылды. Алайда әзірге бұл тетік банкпен серіктес құрылыс компанияларынан пәтер сатып алатын азаматтарға ғана қолжетімді. Бұған дейін аралық несие алу үшін баспана құнының 50 пайызын депозитке жинап, бағалау көрсеткішін қажетті деңгейге жеткізу керек болатын. Ол үшін ақшаны шотта кемінде алты ай сақтау талап етілді. Енді жаңа тәртіп осы мерзімді күтпей, баспана сатып алуға жол ашады. Алғашқы кезеңде BI Group компаниясынан пәтер алатын салымшылар жаңа шарттарды пайдалана алады. Компания Астана, Алматы, Шымкент және Атырау қалаларынан 600 пәтер ұсынады. Ал SAT NS және QazaqStroy компанияларымен келісімдер әзірге рәсімделіп жатыр. Жаңа бағдарламаға қатысу үшін азамат «Отбасы банктен» депозит ашып, оған несие сомасының 50 пайызын жинауы қажет. Сондай-ақ таңдалған пәтердің брондалғанын растайтын құрылыс компаниясының хатын алуы тиіс. Бастапқы несие мөлшерлемесі жылдық 8,5 пайыз болады. Кейін ол 3,5–5 пайызға дейін төмендейді. Алдағы уақытта банк бағдарламаға қатысатын құрылыс компанияларының санын көбейтуді де қарастырып отыр.







