0:00 / 0:00
Семейде 20 жастағы Дильназ Жұмағұлованы өлтірген бұрынғы жігітіне сот үкімі шықты. Сотталушы 14 жылға бас бостандығынан айырылды. Қайғылы оқиға 13 шілдеге қараған түні Бородулиха ауылында болған. Тергеу мәліметінше, қыз бен жігіттің арасындағы жанжал соңы қайғылы жағдайға ұласқан. Ер адам қызға пышақпен бірнеше рет соққы жасап, оның өмірін қиды. Марқұмның туыстары қылмысты аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру бабымен саралауды талап еткен. Алайда сот бұл талапты қанағаттандырмады. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Бұдан бөлек, сотталған азамат марқұмның туыстарына 20 миллион теңге моральдық өтемақы, бір миллион теңгеден астам материалдық шығын және өкілдік қызметтер үшін 500 мың теңге төлеуге міндеттелді. Марқұмның әкесі қызының өмір үшін күрескенін айтып, сот шешіміне қатысты жоғары тұрған органдарға шағымдануды қарастырып жатқанын жеткізді. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ. Қос тараптың да апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.







